Қарағанды облысында сібір жарасы анықталды
10.11.2023

Абай ауданы Топар кентінде үш адамнан сібір жарасы ауруы тіркелген.

Қарағанды облысы бойынша «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасының мамандары үш аурудан сынама алды. Сол күні сібір жарасының вегетативті және споралы түрлерінің ДНҚ-сы анықталған алғашқы оң нәтижелер алынды. Үшінші күні күйдіргі қоздырғышының өсіндісі бөлінді.

Сібір жарасы инфекциясының қоздырғышы қолдың жарақаты арқылы болды. Сонымен қатар, ет сынамасынан, сойылған жердегі топырақтан, сондай-ақ ет сақталған тоңазытқыштан алынған шайындыдан сібір жарасы қоздырғышының типтік өсіндісі анықталған.

Сондай-ақ, ҰСО филиалының дезинфекторлары заттарды камералық дезинфекциядан өткізді және үй-жайларды зарарсыздандырды.