Петропавлда паразиттердің ішінде қандалаға шағымданған тұрғын көп
06.12.2023

Түн ұйқыны қашырып, мазаны алып, бір пайда болса оңайлықпен кетпейтін паразиттердің бірі – қандала. Бұл жәндік соңғы жылдары тіпті көбейіп, кей елдерде осы қансорғыштарға қатысты жағдай тіпті ушығып кетті. Петропавлда да дезинфекциялық орталыққа түсетін шақыртулардың басым бөлігі осы зиянкестермен күреске қатысты болып отыр. «Ұлттық сараптама орталығы» РМК «Солтүстік Қазақстан облысы бойынша дезинфекция орталығы» филиалы директорының орынбасары Жұлдызбек Жамантаев Kazinform тілшісіне паразиттермен, соның ішінде қандаламен күрес жайында айтып берді.


дезинфекция
Фото: СҚО бойынша дезинфекция орталығы

- Дезинфекциялық орталық, оның жұмысы туралы, бағыттары жайында айтып берсеңіз...

- Алдымен дезинфекциялық орталықтың міндетіне тоқталсақ, біз инфекциялық аурулардың таралуының алдын алу үшін дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргіземіз. Дезинфекция деген – сыртқы ортадағы инфекциялық және паразитарлық аурулардың қоздырғыштарын жоюға арналған кешенді іс-шара. Дезинсекция дегеніміз – ашық алаңда немесе пәтерде, яғни белгілі бір аумақта құрт-құмырсқа, шыбын-шіркейді құртуға арналған жұмыс. Дератизация – кеміргіштермен күрес.

Филиал мемлекеттік тапсырыс аясында облыс халқының арасында тіркелетін инфекциялық және паразитарлық аурулар ошақтарында қорытынды дезинфекция, камералық дезинфекция, аса-қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарында тосқауылдық дератизация және дезинсекция жүргізеді. Сонымен қатар, инфекциялық және паразитарлық аурулардың алдын алу мақсатында жергілікті халықтың, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша, келісімшарт негізінде жұмыс істейміз.

- Қандай препараттар қолданасыздар?

- Ел аумағында қолдануға рұқсат етілген, қауіптілігі төмен 4-ші класты «Фоскон 55», «Альфацин 10%», «Фаворит» инсектицидтік препараттарды қолданамыз. Бұл препараттарды қолдану саласын шектемей пайдалануға рұқсат етіледі. Қолданыстағы препараттардың барлығымен тұрғын үй бөлмелерінде өңдеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат етілген. Препараттардың бір-бірінен айырмашылығы, олардың құрамына кіретін, зиянкестерге қарсы әсер ететін заттарында және препараттың қалдықтық әсер ету мерзіміне байланысты. Мысалы, «Фоскон 55» препаратымен өңдеу жұмыстарынан кейін, препараттың зиянкестерге әсері 1 ай көлемінде, «Фаворит» препаратының әсері – 3, «Альфацин 10%» әсері 1 айдан артық мерзімге сақталады.

- Ол адам өміріне және жануарларға қауіпті емес пе?

- Әрине, дезинфекция және дезинсекция жүргізуге арналған препараттардың тікелей адам ағзасына әсері орасан зор, сондықтан бұл шараларды жүргізу кезінде қауіпсіздік техникасын сақтаған абзал. Дезинфекция және дезинсекция жүргізілетін бөлмелерде адамдардың, үй жануарларының болуына, азық-түлік өнімдерінің сақталуына тыйым салынады. Ал егер, техникалық қауіпсіздік шараларын сақтамаған жағдайда, өңдеуге арналған сұйықтық буларының адам ағзасына тыныс алу жүйелері арқылы енуіне, адамның қаншалықты мерзімде өңделген бөлмеде болғанына қарай адам денсаулығына келтірілген зияны соған байланысты болады. Дегенмен ауыр немесе жеңіл интоксикация алса да, оның адам денсаулығына келтіретін зияны бар екені сөзсіз.

қандала
Фото: СҚО бойынша дезинфекция орталығы

- Зиянкестермен күрес қалай жүргізіледі? Мәселен, шақырту түсті делік...

- Зиянкестермен күрес – ауқымды шаралардың бірі. Шақырту немесе өтініш келіп түскен кезде, ең алдымен зиянкестердің пайда болу себебін, олардың санын, түрін анықтау жұмыстары жүргізіледі. Пәтер, үй иелерімен әңгімелесу арқылы қандай жағдайда, саны бойынша қанша, көршілерінде зиянкестерге қатысты шағымдар болды ма - барлық мәселелер анықталады. Соның барлығы, қорытындылап келгенде, жүргізілетін жұмыстың тиімділігіне әсер етеді. Өңдеу жұмыстарын жүргізу күні мен уақыты алдын ала белгіленіп, өзге көршілер дезинсекциялау шараларының өткізілуі, күні, уақыты туралы міндетті түрде хабардар етіледі.

Дезинсекция жүргізуге көп жағдайда 15-30 минут уақыт кетеді. Дезинсекцияға тұрғындардың алдын ала дайындалғаны жөн. Ол үшін: төсек-орын мен төсек жапқыштарын жоғары температурада жуып, үтіктеңіз, пәтерді шаңсорғышпен тазалаңыз, шаңды сүртіңіз, еденді жуыңыз. Ас үйде ыдыстарды мұқият жабыңыз. Жуынатын бөлмелерде-барлық жеке гигиена заттарын, сүлгілер мен халаттарды, сусабындар, гельдер, кремдер бар барлық банкаларды жасырыңыз. Бұл ұсыныстар жеке үйлерді, саяжайлар мен коттедждерді дезинсекциялауға дайындық үшін өзекті. Сонымен қатар, шатырға кіруге мүмкіндік жасау қажет. Өйткені зиянкестердің ұясы сонда болуы мүмкін.

- Елімізде зиянкестерге қарсы дезинфекция жұмыстарынан кейін бірнеше қайғылы оқиға тіркелді. Мәселен, Ақтауда 2 бала қайтыс болғанын білеміз, Маңғыстау облысында бір отбасының бес жаны уланып қалды. Осындай жайттардың алдын алу үшін нені есте сақтаған жөн?

- Үйіңізде зиянкестер пайда болғанын байқасаңыз, олармен қалай күресу керек екенін білмесеңіз, сауда орындарында сатылымда жүрген, белгісіз препараттарды сатып алып, өз күшіңізбен өңдеу жұмыстарын жүргізуден аулақ болыңыз! Бұл жағдайда, тиісті мамандандырылған мекемелерге, мамандарға жүгіну қажет. Зиянкестерге қарсы қолданылатын препараттардың қайсын алмаңыз – у, өйткені жоюға арналған. Пәтерде дезинсекция жүргізген жағдайда міндетті түрде көршілерге ескерткен жөн.

- Петропавлда негізінен қандай шақыртулар түседі? Аудандарда ше? Оның себебі неде?

- Дезинфекция орталығына келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі облыс орталығы Петропавлдан. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша 173 шақыртуға шығып, жұмыс істедік. Оның ішінде қандаламен күреске – 140, тарақандармен – 31, өрмекшілермен күресуге 2 өтініш түскен. Аудандар бойынша өтініштер тіркелмеді. Зиянкестердің пайда болуының басты себебі – нысандарда санитариялық нормаларды сақтамау, зиянкестердің өмір сүруіне, көбеюіне қолайлы жағдайға жол беру және т.б.

- Дезинсекция нәтижесі қанша уақытқа дейін сақталады?

- Дезинсекция жұмыстары жүргізілгеннен кейін нәтижесінің ұзақ сақталуы, ең біріншіден қолданылған препараттардың зиянкестерге әсер етуіне байланысты. Препаратты қолдану бойынша нұсқаулығында көрсетілген талаптарды орындауға, екіншіден үй, пәтер иелерінің одан әрі бөлмелерде санитариялық нормаларды сақтауына қатысты.

- Үйде пайда болатын жәндіктердің арасындағы ең зияндысы не?

- Зиянкестерді адам өміріне, денсаулығына зияны аз немесе зияны көп деп топтарға бөлу дұрыс емес. Нысандарда, оның ішінде адамдар жаппай жиналатын объектілерде кеміргіштер мен жәндіктердің болуы оның санитариялық-эпидемиологиялық жағдайына тікелей әсер етеді. Шыбындар, тарақандар және басқа жәндіктер бактериялық және вирустық сипаттағы өткір ішек инфекцияларының, тарақандар, басқалармен қатар, әсіресе қауіпті инфекциялардың тасымалдаушысы бола алады. Жәндіктерді жою бойынша тұрақты жұмыс жұқпалы аурулардың өршуін, эпидемиологиялық асқынулардың алдын алады.

Қандаладан келетін зиян қандай?

- Қандаланың шаққанын адам сезбеуі мүмкін. Бірақ кейін адам денесінде қызыл дақтар пайда болады, шаққан жері қызарып, қышып, ыңғайсыздық туғызып, мазасыздана бастайды. Сонымен қатар, қандала – көптеген аурудың тасымалдаушысы. Қандала – тез қоныс аударатын жәндік. Олар төбе бойымен пәтерден пәтерге көшеді, көшеден ашық терезе арқылы үйге кіруі мүмкін. Жәндіктердің бойында бактериялардың барлық түрі болуы ықтимал. Қандала теріге жара салып тістегенде, кір, бактериялар мен вирустар табанынан, денесінен немесе тұмсығынан қанға енеді. Сонымен қатар, вирустарды аурудан сауға тасымалдайды.

қандала
Фото: СҚО бойынша дезинфекция орталығы

- Қандала көзге көрінбейді. Үйде қандала пайда болғанын қалай білуге болады, белгілері қандай?

- Әдетте, бөлмеге қандаланың біреуі кіреді, оның шаққанын адамдар байқамайды немесе назар аудармайды. Бұл жәндік өте тез көбейеді, тек қана көбейгенде ғана олар тұрғындардың көзіне түседі. Әдетте қандаланы байқауға бірер ай керек.

Қандала – тек түнде тіршілік ететін жәндік. Түнде олар тығылған жерден шығып, адамды шағады да, таң атқанша тығылады. Егер адамдар бөлмеде ұзақ уақыт болмаса және паразиттер қатты аш болса, олар шағу үшін жарыққа шыға алады, бірақ бұл сирек болады. Олар қалтарыстарда жасырынады. Сондықтан адамдар көбінесе оларды таба алмайды. Әдетте дивандар мен кереуеттерде, матрацтардың тігістерінде, жиһаздың жұмсақ бөліктерінің түйісу орындарында, жақтауларда, жарықтарда жасырынады. Сондай-ақ олар көбінесе тақтайшалардың артында, жиһаздың артқы қабырғаларында, терезе төсеніштерінің астында, компьютерлік жүйе блоктарында – адамдарға көрінбейтін және тар, қуыс жерде кездеседі.

- Қалай алдын алуға болады?

- Қай уақытта, қандай жағдайда қандаланың үйге кіретінін ешкім біле алмайды. Мәселен, ол қоғамдық көлікте киімге жабысып үйге келуі мүмкін. Сондықтан алдын алу шараларын жүргізу мүмкін емес. Қандаламен күрес олардың пайда болғаны анықталғаннан кейін ғана жүргізіледі.

- Қандала пайда болған жағдайда жиһаздың барлығын жою қажет пе?

- Қандалаға қарсы дезинсекциялау кезінде өңдеуге жататын заттардың бірі – жұмсақ жиһаздар, өйткені қандала көбіне тығылып, ұя салатын жер осы. Әрине, өңдеу жұмыстарын жүргізу кезінде, үй иелерін жоспарланбаған шығынға ұшыратпау, жиһаздағы зиянкестерді жою үшін барлық шара қолданылатыны сөзсіз. Бірақ ол нәтиже бермесе жиһаздан бас тартуға тура келеді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Дереккөз: https://kaz.inform.kz